2025 жылғы 24 шілдеде E-Qazyna электрондық сауда алаңында «Қайтарылған активтерді басқару компаниясының» ЖШС басқаруындағы зергерлік бұйымдарды сату бойынша аукцион сәтті өтті.
Саудаға қойылған 56 зергерлік бұйымның 18-і, яғни, 32%-ы сатылды. Жалпы бастапқы құны – 14 789 960 теңге, ал сатылым сомасы – 16 925 139 теңгені құрады. Бұл қатысушылар тарапынан жоғары қызығушылық бар екенін және бағаның бастапқы 70%-дан 87%-ға дейін өскенін көрсетеді.
Сатылған лоттардың қатарында танымал премиум брендтердің бұйымдары бар: Roberto Coin және FOPE білезіктері, гауһар, изумруд, інжу тастары бар жүзіктер, сондай-ақ ұлттық өрнегі бар әшекейлер.
Ең жақсы нәтижелер:
- FOPE білезігі 3 570 105 теңгеге сатылды (өсім +619 605 тг);
- Тәжілі алқа бастапқы бағадан шамамен 400 000 теңгеге қымбат сатылды;
- Picchiotti жүзігі 128 785 теңгеге жоғары бағамен сатылды;
- Күміс және алтын түсті колье мен білезік те бастапқы бағадан едәуір жоғары бағаға өтті.
Сатылған лоттардың толық тізімі мен бағаларын платформадағы сілтемеден көруге болады.
Сонымен қатар, 38 зергерлік бұйым бойынша сауда-саттық өтпей қалды – бұл нарықтық тетік аясындағы қалыпты процесс. Бұл лоттар белгіленген тәртіппен қайтадан саудаға шығарылатын болады.
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы ашықтық, айқындық және әділ бәсекелестік қағидаттарын ұстанады. Барлық түскен қаражат Арнайы мемлекеттік қорға аударылады және әлеуметтік маңызы бар бастамалар мен жобаларды қаржыландыруға бағытталады.