Заңсыз шығарылған активтерді Қазақстанға қайтару үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 12 маусымында «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойған еді.
Осы құжатқа сәйкес жылжымалы және жылжымайтын мүлік түріндегі қайтарылған активтер Қайтарылған активтерді басқару компаниясына (Басқарушы компания) беріледі. Ақшалай қаражаттың түсімін жинақтау үшін ҚР Қаржы министрлігінің қолма-қол ақшаны бақылау шоты ретінде Арнаулы мемлекеттік қор құрылды.
2024 жылдың 20 желтоқсанындағы жағдай бойынша Арнаулы мемлекеттік қорға барлығы 220,3 млрд теңге түскен. Шығыстардың көлемі – 11,5 млрд теңге. Қалған 208,84 млрд теңгенің ішінде 13 млрд теңге сомасы Басқарушы компаниядан аударылған. Оның ішінде 12,6 млрд теңге активтерді сатудан, сол секілді 0,5 млрд теңге аталған ақшаны басқаруға байланысты қызметтен (жалдау, сенімгерлік басқару, дивидендтер және т. б.) жиналған.
Қайтарылған активтерді тиімді басқару қосымша қаржылай ресурстарды әлеуметтік мәселелерді шешуге оң әсер етеді.
Тиісті заңға сәйкес аталған қордың шоттарындағы ақша денсаулық сақтау, білім беру, бұқаралық спорт және т.б. салалардағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды салуға бағытталады. Барлық жоба экономикалық сараптамадан өтіп, одан әрі қажетті қаржыландыру мәселесі Республикалық бюджет комиссиясының қарауына жіберіліп, тиісті шешім шығарылады.
Мәселен, РБК шешімі бойынша қорда жинақталған қаражат келесідей жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады:
– Ақтөбе қаласында 300 орынға есептелген ерекше балаларға арналған арнайы балабақшаны салу.
– Алматы облысында 50 орындық спорт кешенін салу.
– Атырау облысындағы мектеп-интернат.
– Шымкент қаласындағы қосалқы мектеп-интернат колледжі үшін 300 орынға шақталған жатақхана салу.
– Петропавл қаласында 280 орындық балабақша салу.
– Түркістан облысында аудандық балалар музыка мектебінің құрылысы.
– Ұлытау облысында 80 орынға есептелген 2 қабатты мектеп салу.
– Жетісу облысында 30 орынды қарастыратын мектепке дейінгі шағын орталығы бар 200 орындық мектеп салу.
– Ақмола облысында спорт залы бар спорт кешенін салу.
– Шығыс Қазақстан облысындағы аурухана кешені.
Жылыстатылған активтерді қайтару елімізден капиталды заңсыз шығарудың алдын алуға көмектеседі. Ал осы активтермен жүргізіліп жатқан жұмысты ашық көрсету қазақстандықтардың сенімін арттырады. Сондықтан барлық қаражат әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады. Оның есебінен салынып жатқан мектептер, балабақшалар, спорт кешендері, жатақханалар өңірлердің экономикалық өсімін нығайтып, халықты жұмыспен қамтуда септігі мол. Сонымен қатар қалалар мен ауылды жерлерде жайлы ортаны құруды арттырады.