2025 жылғы 13-15 тамызда Моңғолия астанасы Ұлан-Батор қаласында «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-нің (бұдан әрі – ҚАБК) өкілдері 9-шы IPAF (International Public Asset Forum) халықаралық конференциясына қатысты.
Азия даму банкі (АДБ), Моңғолияның Активтерді басқару корпорациясы (MAMCO), Моңғолия Банкі (BOM) және Моңғолияның депозиттерді сақтандыру компаниясы (DiCOM) ұйымдастырған IPAF халықаралық конференциясы өңірдің қаржылық жетекшілері мен саясаткерлерін, сондай-ақ инвесторларын бір алаңға жинады. Іс-шараның негізгі мақсаты – қаржылық тұрақтылықты арттыру және проблемалық несиелерді (NPL) тиімді реттеу мәселелерін талқылау болды.
Конференцияның негізгі тақырыптары:
- Қаржылық тұрақтылық – жүйелік тәуекелдерді талдау және банк секторының тұрақтылығын арттыру стратегияларын әзірлеу;
- Проблемалық несиелер нарығының әлеуеті – NPL шешудің инновациялық тәсілдері, соның ішінде инвестициялар, нарықтық ынталандыру, секьюритизация және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік;
- Құқықтық және технологиялық шешімдер – жаңа құқықтық шеңберлерді қолдану және активтерді басқаруда тәуекелдерді жасанды интеллект арқылы бағалау мүмкіндіктері;
- Арнайы баяндама «Азиядағы NPL шолуы» – реттеу және инвестициялар саласындағы негізгі үрдістер мен жетістіктер.
ҚАБК үшін бұл конференцияға қатысу – халықаралық институттар мен инвесторлармен кәсіби байланыстарды нығайту, активтерді басқару және проблемалық берешек саласындағы тәжірибе алмасу жолындағы маңызды қадам болды. Сондай-ақ бұл секьюритизация, цифрландыру және операцияларды құқықтық сүйемелдеу саласындағы озық тәжірибелерді зерттеуге, ҚАБК қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттырудың жаңа мүмкіндіктерін іздеуге жол ашады.