2025 жылғы 19 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимовтың төрағалығымен «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС қамқоршылық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыс жұмысына Қамқоршылық кеңес мүшелері – Парламент депутаттары мен азаматтық қоғам өкілдері, сондай-ақ бас директор Қуанышбек Мұқаш бастаған компания басшылығы қатысты.
Қамқоршылық кеңес отырыстың күн тәртібін бекітіп, басқарушы компанияның 2025 жылғы қызметі туралы бас директордың есебін қарады. Өз сөзінде Қ.Мұқаш компанияның негізгі міндеті қайтарылған активтерді басқару, олардың сақталуын қамтамасыз ету және сату, сондай-ақ түскен қаражатты Арнаулы мемлекеттік қорға аудару екенін атап өтті.
Компания құрылған сәттен бастап басқаруға жалпы құны 96,5 млрд теңге болатын активтер берілді. 2025 жылы 577 электрондық сауда өткізіліп, нәтижесінде 38,4 млрд теңгеге (ҚҚС-сыз) 155 актив сатылды. Бұл E-Qazyna платформасындағы рәсімдердің тиімділігі мен ашықтығын растайды.
Ең ірі мәмілелердің қатарында Астана қаласындағы «Думан» қонақүй кешені (14,1 млрд теңге) мен Дубайда 20,7 млрд теңгеге сатылған екі вилла бар. Мемлекеттік меншікке жалпы құны 29,4 млрд теңгені құрайтын 33 актив берілді, оның ішінде жер учаскелері, археологиялық артефактілер мен Ұлттық музейге берілген көне монеталар бар.
Арнаулы мемлекеттік қорға барлығы 38,3 млрд теңге аударылды, оның ішінде активтерді сатудан және оларды басқарудан түскен кіріс бар.
Отырыс қорытындысы бойынша Қамқоршылық кеңес бас директордың есебін бірауыздан мақұлдап, компанияның қайтарылған активтерді ашық әрі тиімді басқару арқылы мемлекет пен қоғам мүддесіне қызмет етіп отырғанын атап өтті.