Қайтарылған активтерді басқару компаниясында өткен Наурыз: игі істер мен ұлттық дәстүрлер апталығы

Наурыз мерекесі қарсаңында «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС ұжымы ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге, отбасылық құндылықтарды нығайтуға, қайырымдылық жасауға және ұжымдық бірлікті арттыруға бағытталған бірқатар тақырыптық іс-шаралар өткізді.

14-20 наурыз аралығында Астана қаласындағы компания кеңсесінде Наурыз апталығы ұйымдастырылып, қызметкерлер мәдени бастамалар, игі істер және мерекелік белсенділіктер аясында бірікті.

Апталық Көрісу күнімен басталды. Бұл күн – адамдар арасындағы қарым-қатынасты жаңғыртып, өзара құрмет пен ізгі тілектерді білдіретін, көктемнің келуін айшықтайтын маңызды дәстүр.

15 наурыз – Қайырымдылық күні аясында «Игі істер қобдишасы» акциясы өтті. Жұмыскерлер кітаптар, ойыншықтар, кеңсе тауарлары, киімдер мен тәттілер жинап, олар «Истоки добра» қорына табысталды.

16 наурыз күні «Қазақтың салт-дәстүрлері» тақырыбында шағын презентация ұйымдастырылды. Ал 17 наурыз – Шаңырақ күніне орай «Менің отбасым – менің тірегім» атты викторина өткізіліп, отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталды.

18 наурыз – Ұлттық киім күні аясында «Ең әдемі ұлттық образ» байқауы және ұлттық киімдердің шағын көрсетілімі өтті. Куаныш Алин – «Ұлттық нақыштың үздік көрінісі» номинациясы, Айнур Ишбанова – «Ең креативті образ» номинациясы, Елизавета Цой – «Ең әдемі ұлттық образ» номинациясы бойынша жеңімпаз болды.

Байқау ұлттық дәстүр мен заманауи стильдің үйлесімді байланысын айқын көрсетті. Қатысушылар өз образдары арқылы ұлттық болмысты, эстетиканы және дәстүрлі киімнің терең мағынасын жеткізе білді.

19 наурыз – Жаңару күні ұжым кеңсе кеңістігін символикалық түрде жаңартты.

Апталық 20 наурыз – Ұлттық спорт күнімен қорытындыланып, жұмыскерлер үшін асық ату, арқан тарту сияқты ұлттық ойындар мен спорт түрлеріне арналған мини-ойындар және тақырыптық викториналар ұйымдастырылды.

Мерекелік апта Наурыздың негізгі құндылықтарын – құрмет, мейірімділік пен жаңаруды айшықтап, ұжымдағы бірлік пен ынтымақты нығайта түсті.

Прокрутить вверх