Тарихы

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-нің тарихы 2023 жылғы 12 шілдеде Қазақстан Республикасының «Мемлекетке заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы» Заңының қабылдануынан бастау алады. Аталған Заң заңсыз иемденілген активтерді анықтаудың, мемлекетке қайтарудың, басқарудың және оларды одан әрі пайдаланудың құқықтық негізін қалады. Сонымен қатар, қайтарылған активтерді тиімді басқару үшін арнайы басқарушы компания құруды көздеді. Оның негізгі мақсаты – мемлекетке қайтарылған мүлікті тиімді басқарып, одан түскен қаражатты қоғам игілігіне пайдалану. 

Заңды іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 21 қыркүйектегі №824 қаулысымен мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС құрылды. Компанияның жалғыз қатысушысы болып Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті айқындалды. 

Компанияның қызметін реттеу үшін 2023 жылғы 5 қазанда Қаржы министрлігі Қайтарылған активтерді басқару қағидаларын бекітті. Қағидалар активтерді қабылдау, бағалау, басқару, өткізу және оларды сатудан түскен қаражатты Арнайы мемлекеттік қорға аудару тәртібін белгіледі. 

Практикалық тәжірибе жинақталған сайын заңнама да жетілдірілді. 2024 жылғы 4 қазанда активтерді басқару қағидаларының жаңа редакциясы қабылданып, активтерді пайдалану тетіктері кеңейтілді, рәсімдердің ашықтығы арттырылды және сауда-саттық өткізу тәртібі жетілдірілді. Бұл қайтарылған мүлікті тиімді басқаруға және оны өткізудің нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік берді. 

Бүгінде «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС қайтарылған активтерді қабылдаудан бастап оларды басқару және сатуға дейінгі барлық процесті жүзеге асырады. Активтерді басқару мен сатудан түскен қаражат Арнайы мемлекеттік қорға аударылып, Үкіметтің шешімімен еліміздегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Осылайша, мемлекетке қайтарылған активтер қоғам игілігіне қызмет етеді. 

Прокрутить вверх