Аукцион нысанындағы сауда-саттық – бұл сауда-саттықтың бір түрі, ол https://e-qazyna.kz/ веб-порталында өткізіледі. Аукцион барысында қатысушылар ашық түрде өздерінің баға ұсыныстарын береді.
Мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталы (e-qazyna.kz) – бұл мемлекет, квазимемлекеттік ұйымдар және жеке тұлғаларға тиесілі мүліктер мен сатушылар туралы мәліметтер базасына қолжетімділік беретін интернет-ресурс.
Егер аукцион басталған сәтте сатылатын объектіге бірде-бір қатысушы тіркелмесе, онда аукцион өткізілген жоқ деп танылады.
Аукцион нысанындағы сауда-саттыққа қатысу үшін e-qazyna.kz порталында тіркелу қажет.
- Жеке тұлғалар үшін ЭЦҚ: ЖСН, аты-жөні (бар болса, әкесінің аты) енгізілуі тиіс.
- Заңды тұлғалар үшін ЭЦҚ: БСН, компанияның толық атауы, басшының аты-жөні (бар болса) енгізілуі тиіс.
- Кепілдік жарнаны қайтару үшін банк реквизиттерін ұсыну қажет.
- Байланыс мәліметтерін (мекенжай, телефон, e-mail) көрсету керек.
- Сатылымға қойылған қажетті объектіні таңдау.
- Өтінімді толтыру және кепілдік жарнаны төлеу:
- Қатысушының банк реквизиттерін жүйеден таңдау.
- Сауда-саттықты ұйымдастырушының шотына кепілдік жарнаны аудару туралы мәліметтерді қосу.
- Өтінімге ЭЦҚ арқылы қол қою.
- Өтінімді қарауға жіберу.
Бастапқы баға – әрбір сатылымға қойылған объект бойынша сауданың алғашқы бағасы.
Бір кепілдік жарна тек сол кепілдік жарна төленген объекті бойынша саудаға қатысу және оны сатып алу құқығын береді.
Басқарушы компания Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 21 қыркүйектегі № 824 қаулысына сәйкес құрылды. Негізгі мақсаты – «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» және өзге де заңдарға сәйкес мемлекетке қайтарылған активтерді басқару, сақтау және сату.
Қайтарылған активтер E-Qazyna цифрлық платформасында ашық электрондық аукциондар арқылы сатылады.
Негізгі қағидат – барлық әлеуетті сатып алушылар үшін барынша ашықтық және тең қолжетімділік.
Басқарушы компания 611 аукцион өткізді, олардың 116-сы сәтті аяқталып, кейбір активтер бастапқы бағадан бірнеше есе жоғары бағаға сатылды.
Сатылған активтердің қатарында жылжымайтын мүлік, қозғалмалы мүлік, зергерлік бұйымдар, коллекциялық монеталар, қол сағаттар және шетелдік активтер бар. Жалпы сома 51,1 млрд теңгені құрайды.
Қазірдің өзінде Арнайы мемлекеттік қорға 38,3 млрд теңге қаржы аударылды, ал бұдан бөлек жақында тағы да 14,1 млрд теңге түсетіні жоспарланып отыр.
Барлық қаражат елдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағытталады.
Сонымен қатар, әлеуметтік маңыздылығы мен ұлттық құндылығын ескере отырып, жалпы құны 27,8 млрд теңге болатын 31 актив мемлекет меншігіне берілді. Олардың қатарында ірі жер учаскелері мен бірегей мәдени құндылықтар бар.
Басқарушы компанияның қайтарылған активтер бойынша 2024 жылға арналған қаржылық есептілігіне сәйкес, таза пайда 40,8 млрд теңгені құрады.
Таза пайда бұл компания қызметінің белгілі бір кезеңдегі түпкілікті қаржылық нәтижесі, яғни барлық табыстардан шығындар, салықтар мен міндетті төлемдер шегерілгеннен кейін қалған сома.
Қаржылық нәтиже 64,2 млрд теңге көлеміндегі балансқа қабылданған активтер (жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар, компаниялардағы қатысу үлестері, зергерлік бұйымдар және басқа мүлік) бойынша жасалған мәмілелер мен операциялардың нәтижесінде қалыптасты. Аталған активтер табыс ретінде танылып, қаржылық есептілікте көрсетілген. Сонымен қатар, басқару және олардың бір бөлігін сату нәтижесінде 12,9 млрд теңге көлеміндегі қаражат Арнайы мемлекеттік қорға бағытталды.
Бухгалтерлік есептің дұрыстығын растау мақсатында басқарушы компания жыл сайын сыртқы аудит жүргізеді.
Аудиторлық тексеру заңнама талаптарына және компания Жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
Аудиторлық ұйым мемлекеттік сатып алу рәсімдері арқылы түскен 28 ұсыныстың ішінен ең төмен шартты баға бойынша таңдалды (2025 жылғы 26 маусымдағы №418 бұйрық).
Аудит қорытындысы бойынша қаржылық есептілік Бақылау кеңесімен мақұлданып, жеке қатысушының шешімімен бекітілді (2025 жылғы 3 шілдедегі №438 бұйрық).
Қайтарылған активтерді тәуелсіз бағалауды «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР Заңына сәйкес активті беруші тарап жүргізеді. Бағалау нәтижелері міндетті түрде Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитетінің сараптамасынан өтеді.
Активтерді тиімді басқару олардың ашық электрондық сауда-саттық арқылы жүзеге асырылуымен қамтамасыз етіледі. Сауда-саттықтар мемлекеттік E-Qazyna платформасында өткізіледі.
Активтерді пайдаланудың өзге тәсілдері тек уақытша шара ретінде, яғни олардың нарықтық құнын сақтау және кейінгі сатылымға дайындау мақсатында қарастырылады.
Қатысу үлестері басқарушы компанияға берілген заңды тұлғалардың басшыларын тағайындау Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарына, сондай-ақ компанияның ішкі нормативтік құжаттары мен регламенттеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Басқарушылық кадрларды қалыптастыру барысында басқарушы компания сабақтастық, кәсібилік және кезең-кезеңімен мансаптық өсу қағидаттарын ұстанады.
1. «Көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС (КБСО). Аталған серіктестік «Байсат» сауда нарығының иесі болып табылады.
Басқару кезеңінде Арнайы мемлекеттік қорға 349,7 млн теңге аударылды.
Анықтама үшін: басқарушы компанияға берілген сәттен бастап серіктестіктің табысы 225,0 млн теңгеден 413,4 млн теңгеге дейін өсті, салық және өзге де міндетті төлемдер көлемі 13 еседен астам ұлғайып, 324,2 млн теңгені құрады.
Жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде сауда орындарының саны 2 200-ден 3 000-ға дейін артты.
2025 жылғы 18 қарашада активті сату бойынша E-Qazyna цифрлық платформасында аукцион өткізу жоспарланған, бастапқы құны – 28 639 882 000 теңге.
2. «Zharkent Su» ЖШС. Серіктестік «Нұр жолы» автомобиль өткізу бекеті аумағында шаруашылық-ауыз суды жинау, өңдеу және тарату қызметін жүзеге асырады.
Басқару кезеңінде Арнайы мемлекеттік қорға 121,3 млн теңге аударылды.
3. «Тулпар» ЖШС. Серіктестік жылумен үздіксіз қамтамасыз ету, ыстық сумен жабдықтау және жылу инфрақұрылымы нысандарын пайдалану қызметтерін көрсетеді.
Басқару кезеңінде Арнайы мемлекеттік қорға 68,4 млн теңге аударылды.
«Думан» қонақ үй кешені электрондық сауда-саттыққа шығарылған болатын, алайда әлеуетті сатып алушылардың болмауына байланысты сауда-саттықтар өтпеген деп танылды.
Активтің төмендетілген бағамен сатылуына жол бермеу мақсатында кешен Басқарушы компанияның басқаруында болды. Осы кезеңде қонақ үйдің үздіксіз жұмысы қамтамасыз етіліп, 157 жұмыс орны сақталды, жалға алушылармен шарттар ұзартылды, сондай-ақ дивидендтер төленді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында қонақ үйде 37 елден келген 426 қонақ орналасты.
Қонақ үй кешенін сату 2025 жылғы шілде айында Қазақстан Республикасының заңнамасына және Басқарушы компанияға берілген активтерді басқару қағидаларына толық сәйкес жүзеге асырылды – «Отбасы банк» АҚ-ның «Mitwork» веб-порталында жарияланған электрондық сатып алу арқылы (Қағидалардың 64-тармағының 8-тармақшасына сәйкес) 14,1 млрд теңге бағалау құны бойынша сатылды. Сонымен қатар, бюджетке 1,6 млрд теңге көлемінде қосылған құн салығы (ҚҚС) аударылды.
Таңдалған тетік активті қайталап аукцион өткізбей-ақ және бастапқы бағаны төмендетпей сатуға мүмкіндік берді, бұл өз кезегінде Арнайы мемлекеттік қорға ең жоғары көлемде қаражат түсуін қамтамасыз етті.
Еске сала кетсек, Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағытталады.
Басқарушы компанияда мүдделер қақтығысының алдын алу және реттеу жөніндегі кешенді жүйе енгізілген. Бұл жүйе қызметкерлердің немесе олардың туыстарының шарттық серіктестермен (жалға алу, активтерді сату және басқа келісімдер бойынша) байланыста болуы мүмкін жағдайларын қамтиды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына және негізсіз ықпал етуге жол бермеу мақсатында келесі тетіктер қолданылады:
Мүдделер қақтығысын анықтау және реттеу саясаты – барлық қызметкерлер үшін міндетті. Қызметкерлер әлеуетті мүдделер қақтығысы туралы, соның ішінде туыстық байланыстар болған жағдайда, міндетті түрде декларация тапсырады және мұндай жағдайларда шешім қабылдауға қатыстырылмайды.
Контрагенттердің, қызметкерлердің және кандидаттардың сенімділігін кешенді тексеру тұрақты негізде жүргізіледі.
Аталған рәсім 2025 жылғы 23 қыркүйектегі №134-ОД Бас директордың бұйрығымен бекітілген Ережелермен реттеледі және контрагенттердің аффилирленуін, іскерлік беделін, түпкі бенефициарларын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық және этикалық тәуекелдердің болуы мүмкіндігін тексеруді қамтиды.
Компанияда ISO 37001-2016 халықаралық стандартына сәйкес парақорлыққа қарсы менеджмент жүйесі енгізілген және сертификатталған. Бұл жүйенің тиімділігі сыртқы сертификаттық аудиттен өту арқылы расталды және тиісті сәйкестік сертификаты берілді.
Енгізілген жүйе тұрақты мониторинг жүргізуді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы процестерді жетілдіруді және олардың тиімділігіне тәуелсіз баға беруді қамтамасыз етеді.