2026 жылғы 24-26 ақпан аралығында Астана қаласында «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС базасында Балқан ведомствоаралық активтерді басқару желісі (BAMIN) аясында активтерді басқару саласындағы коллегиалдық (әріптестік) шолу өтті. Іс-шара Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) қолдауымен ұйымдастырылды.
«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС бас директоры Қуанышбек Мұқаш Қазақстанның BAMIN бастамаларына қатысуы активтерді басқару жүйесінің институционалдық дамуы үшін маңызды екенін атап өтті. 2024 жылы басқарушы компания BAMIN желісінде бақылаушы мәртебесін алған болатын. Бұл халықаралық тәжірибе алмасуға және кәсіби ынтымақтастықты кеңейтуге қосымша мүмкіндік берді.

«Біз үшін қайтарылған активтерді басқару жүйесін халықаралық стандарттарға сай дамыту, ашықтық пен тиімділікті негізгі басымдық ретінде ұстану аса маңызды», – деді компания басшысы. Оның айтуынша, BAMIN аясындағы өзара іс-қимыл кәсіби байланыстарды нығайтуға және ішкі рәсімдерді жетілдіруге оң әсерін тигізуде.
Халықаралық деңгейде кеңінен қолданылатын peer review форматы тәжірибе алмасуға, тиімді басқару шешімдерін талқылауға және жария басқару тетіктерін дамытуға бағытталған. Мұндай тәсіл үздік стандарттарды енгізуге және процестердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Сарапшылар тобының құрамына BAMIN өкілдері, ЕҚЫҰ хатшылығы, сондай-ақ Босния және Герцеговина, Молдова Республикасы және Солтүстік Македонияның бейінді ведомстволарының мамандары кірді. Халықаралық сарапшылардың қатысуы қолданыстағы басқару және институционалдық тәжірибелерге жан-жақты кәсіби баға беруге жағдай жасады.
Бағдарлама аясында жұмыс кездесулері мен сараптамалық талқылаулар өтіп, активтерді басқарудың тиімділігі мен заманауи тәсілдерді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Аталған іс-шараның Қазақстанда өтуі елдің халықаралық кәсіби диалог алаңы ретіндегі рөлін айқындай түседі. Шолу қорытындылары активтерді басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге, ашықтық қағидаттарын нығайтуға және озық халықаралық тәжірибелерді енгізуге ықпал етеді.