ҚР Ұлттық музейінде тарихи-мәдени жәдігерлер мемлекеттік қорға салтанатты түрде тапсырылды.
Аталған артефактілер мемлекеттік меншікке қайтарылып, «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-не берілген болатын. Олардың тарихи және мәдени құны жоғары болуы мүмкін екенін ескеріп, Басқарушы компания Мәдениет және ақпарат министрлігіне жүгінген еді.
Бұйымдардың түпнұсқалығын анықтау мен сараптамалық бағалау жасау үшін артефактілер Ұлттық музейге жіберілген-ді. Музейдегі сарапшылардың қорытындысы бойынша бұл жәдігерлер темір дәуірінің ерте кезеңі мен орта ғасырға тән жоғары құндылыққа ие. Соның нәтижесінде еліміздің заңдары мен белгіленген рәсімдерге сәйкес Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті баға жетпес қазынаны Ұлттық музейдің мұра қорына беру туралы шешім қабылдады.
Сараптамалық қорытындыға сәйкес аталған бұйымдар б.з.д. VII ғасырдан б.з. III ғасырына дейінгі кезеңіне жатады және ежелгі көшпелі халықтардың мәдениетіне тән, нақты айтқанда сақтардың «аң стилі» мәнерінде жасалған. Қолөнердің бұл түрі жоғары көркемдік шеберлікпен бірге сақтардың гректермен, парсылармен, қытайлармен және басқа да көрші халықтармен тығыз мәдени байланыста болғанын байқатып отыр.
Тапсырылған бұйымдардың ішінде:
бүркіттің басы бейнеленген металл бұйым;
араб жазуы бар жүзік;
мүйізді аң бейнеленген (тау үстінде) тік бұрышты пластина;
қанатты арыстан, пырақ (қанатты жылқы), қарғыған барыс пен бұғының мүсіндері;
15 көне тиын;
шиыршық түріндегі екі жүзік;
арыстанның басы бейнеленген сақина бар.
Тапсырылған жәдігерлердің жалпы салмағы 118 грамнан асады. Ерекше атап өтерлік жайт – бұйымдар шекіме, бедерлеу және «гравировка» әдістерімен жасалған, бұл дала мәдениетінің стилистикалық ерекшеліктері мен грек, парсы және шығыс өнерінің ықпалын көрсетеді.
– ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Активтерді қайтару комитеті мен ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде ұлттық игілік ретінде танылған құнды заттар ресми түрде мемлекеттік меншікке беріліп, Ұлттық музей қорына табысталды. Бұл Мемлекет басшысы атап өткен маңызды қағидаттың жарқын дәлелі, яғни әрбір қайтарылған актив ел игілігіне жұмсалуға тиіс. Бүгін біз осы қағидаттың нақты жүзеге асқанына куә болдық – бұл актив халқымыздың мәдени мұрасының бір бөлігіне айналды, – деді «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-нің бас директоры Қуанышбек Мұқаш.
Жақын арада осы артефактілер Ұлттық музейдің экспозицияларына қойылып, көпшіліктің назарына ұсынылады. Демек Қазақстанның ежелгі тарихынан сыр шертетін құнды экспонатқа айналатын болады.