«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС (ҚАБК) өз қызметі аясында қайтарылған активтерді сатудан түскен қаражаттың Арнаулы мемлекеттік қорға (АМҚ) түсуін қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекеттік бюджетке елеулі салық түсімдерін төлеп, ірі салық төлеушілердің бірі мәртебесін растады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ҚАБК мемлекеттік бюджетке 4,3 млрд теңге көлемінде салық төлемдерін аударды. Бұл үлес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің алғыс хатымен ресми түрде атап өтілді.
Сонымен қатар, ҚАБК қызметінің нәтижесінде Арнаулы мемлекеттік қорға 50,5 млрд теңге аударылды. Бұл қаражат еліміздің барлық өңірлерінде әлеуметтік маңызы бар және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталуда.
Осылайша, ҚАБК қызметі екіжақты фискалдық тиімділікті қамтамасыз етеді. Бір жағынан, қайтарылған активтерді сатудан түскен қаражат АМҚ-да жинақталып, қоғам игілігіне жұмсалады. Екінші жағынан, компания шаруашылық субъектісі ретінде бюджет кірісін тікелей толықтыратын тұрақты салық түсімдерін қамтамасыз етеді.
ҚАБК-да адал салық төлеу формалдылық емес, мемлекетке қайтарылған активтерді басқарудағы ашықтық, жауапкершілік және заңдылық қағидаттарының маңызды бөлігі ретінде қарастырылады.
Қайтарылған активтерді басқару компаниясының ұстанымы айқын: әрбір теңге – мейлі ол салық болсын, мейлі активтерді сатудан түскен табыс болсын – қоғам игілігіне және елдің тұрақты дамуына қызмет етуі тиіс.