2026 жылғы 12 маусымда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында бұғатталған, тәркіленген және мемлекетке қайтарылған активтерді басқару жүйесін жетілдіру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, сот жүйесінің, құқық қорғау құрылымдарының, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Олардың қатарында ЕҚЫҰ, Бас прокуратура, Жоғарғы Сот, ҰҚК, Қаржылық мониторинг агенттігі, Ішкі істер министрлігі, Әділет министрлігі, сондай-ақ «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС өкілдері болды.
Жиынды Академияның бірінші проректоры Қалиолла Сейтенов ашып, қылмыстық процеске қатысы бар активтерді тиімді басқарудың мемлекет мүддесін қорғау мен экономикалық тиімділікті қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.
Дөңгелек үстелде «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС бас директорының орынбасары Кәрім Шұғаев баяндама жасап, мемлекетке қайтарылған активтерді басқару және сату бойынша компанияның тәжірибесі мен қол жеткізген нәтижелерін таныстырды.
Баяндама барысында компания құрылғаннан бері жалпы құны 99,8 млрд теңгені құрайтын 269 актив қабылданғаны айтылды. Оның ішінде құны 1,04 млрд теңге болатын зергерлік бұйымдар да бар. Бүгінгі күні бағалау құны 47 млрд теңге болған 182 актив 51,7 млрд теңгеге сатылған.
Сондай-ақ активтерді E-Qazyna электрондық сауда алаңы арқылы өткізу тетіктеріне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға активтерді сатуға дейін басқару тәжірибесі, сондай-ақ шетелдегі активтерге қатысты жұмыс нәтижелері таныстырылды.
Дөңгелек үстел барысында Құқық қорғау органдары академиясы жүргізген ғылыми зерттеудің нәтижелері де ұсынылды. Зерттеу қолданыстағы активтерді басқару тетіктерін талдауға және осы саладағы халықаралық тәжірибені зерделеуге арналды.
Іс-шараға қатысушылар заңнаманы жетілдіру және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту жөнінде ұсыныстарымен бөлісті. Талқылау қорытындысы бойынша бұғатталған, тәркіленген және мемлекетке қайтарылған активтерді басқару саласын одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсынымдар әзірленді.