Қайтарылған активтерді басқару компаниясы IPAF-тың 10-шы мерейтойлық саммитіне қатысты

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС (Басқарушы компания) 2026 жылғы 12–14 тамыз аралығында Астана қаласында өтіп жатқан Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі компаниялардың халықаралық форумының (IPAF) 10-шы мерейтойлық саммиті мен халықаралық конференциясына қатысты.

Іс-шараны Азия даму банкі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі және «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ ұйымдастырды. Саммит проблемалық активтерді басқарудың заманауи тәсілдерін, цифрландыруды және халықаралық ынтымақтастықты дамытуды талқылау үшін мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының, активтерді басқарушы компаниялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірді.

Саммит аясында Басқарушы компания Жобалық қызметінің басшысы Бақытжан Дәулбай Компанияның қайтарылған активтерді басқару саласындағы тәжірибесін таныстырды.

WhatsApp Image 2026 08 13 at 11.34.44

Басқарушы компания үшін активтерді басқару оларды сатумен ғана шектелмейтіні, сондай-ақ олардың құнын сақтауды, ашық әрі бәсекелестік рәсімдерді қамтамасыз етуді, цифрлық құралдарды пайдалануды және қайтарылған құнды қоғамдық игілікке айналдыруды көздейтіні атап өтілді.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясының қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында жүзеге асырылады және Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген заңдылық, мемлекеттік меншікті қорғау және қоғамдық мүдделерді қамтамасыз ету қағидаттарына сәйкес келеді. Активтерді қайтару және оларды кейіннен қоғам игілігіне тиімді пайдалану – заң үстемдігі мен қоғамдық игілік басымдығының іс жүзіндегі көрінісі.

Қайтарылған активтерді басқару мен сатудан түскен қаражат Арнайы мемлекеттік қорға аударылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Басқарушы компания Қорға 50,5 млрд теңге аударды. Бұл қаражат белгіленген тәртіппен әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағытталып, әлеуметтік мемлекет қағидаттарын іске асыруға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.

WhatsApp Image 2026 08 13 at 11.36.32

Халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу, цифрландыру мен ашықтықты дамыту, сондай-ақ халықаралық инвесторлар үшін қолжетімділікті кеңейту одан әрі дамудың негізгі бағыттары ретінде белгіленді.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы 2024 жылғы сәуірде IPAF-қа қауымдастырылған мүше ретінде қосылды. Халықаралық алаңға қатысу Басқарушы компанияға шетелдік серіктестермен тәжірибе алмасуға және қайтарылған активтерді, оның ішінде күрделі әрі трансшекаралық активтерді басқару мен сату тәсілдерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Прокрутить вверх