Қазақстанның қайтарылған активтерді басқару тәжірибесі халықаралық семинарда таныстырылды

2026 жылғы 25 маусымда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Өзбекстан Республикасы Бас прокуратурасы өкілдерінің қатысуымен «Заңсыз иемденілген активтерді анықтау, оларға тыйым салу және мемлекетке қайтару саласындағы халықаралық ынтымақтастық» тақырыбында семинар өткізді.

Іс-шара Қазақстан мен Өзбекстан Бас прокурорлары қол қойған ынтымақтастық туралы меморандум мен 2026–2027 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Семинарға «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС Бас директорының орынбасары Кәрім Шұғаев та қатысты. Ол өз баяндамасында компанияның атқарған жұмыстары мен мемлекетке қайтарылған активтерді басқарудағы практикалық тәжірибесін таныстырды.

Баяндама барысында E-Qazyna веб-порталы арқылы активтерді электрондық сауда-саттық арқылы сату тетіктеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ дөңгелек үстелге қатысушыларға активтерді сатылғанға дейін басқару тәжірибесі мен шетелдегі активтерді басқару бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері таныстырылды.

Семинар барысында заңсыз иемденілген активтерді іздестіру, оларға тыйым салу, тәркілеу және мемлекетке қайтару саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар «Мемлекетке заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қолдану тәжірибесі, азаматтық тәркілеу институтын пайдалану, қайтарылған активтерді басқару мәселелері және цифрлық активтерге қатысты құқық бұзушылықтарды тергеу тәжірибесі қарастырылды.

Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, қаржылық қылмыстардың трансұлттық сипатына байланысты туындап отырған жаңа сын-қатерлерді талқылады. Сондай-ақ активтерді қайтару саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту бағыттары қарастырылды.

Семинар қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті одан әрі нығайтуға, практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және заңсыз иемденілген активтерді анықтау, оларға тыйым салу және мемлекетке қайтару жұмыстарының тиімділігін арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екендерін растады.

Осындай іс-шаралар мемлекеттердің экономикалық мүдделерін қорғау жолындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Прокрутить вверх