Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Токио қаласында (Жапония) өткен Жазғы Сурдлимпиада ойындарының қатысушылары мен ұйымдастырушылары – қазақстандық спортшылар мен спорт саласының өкілдеріне мемлекеттік наградаларды табыс етті. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министр Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасына, жаттықтырушылар мен мамандар құрамына жоғары кәсібилігі, ұйымшылдығы және ел намысын халықаралық аренада абыроймен қорғағаны үшін алғыс білдірді.
2025 жылғы Сурдлимпиада ойындарына 81 елден шамамен 3 мың спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы спорттың сегіз түрінен сынға түсіп, 25 медаль жеңіп алды: 8 алтын, 4 күміс және 13 қола. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан 9-орынға тұрақтады.
Салтанатты рәсім аясында «Құрмет» орденімен «Республикалық сурдо дзюдо федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-нің бас директоры Қуанышбек Мұқаш та марапатталды.
Бұл марапат сурдлимпиадалық қозғалысты дамытуға қосқан елеулі үлесі, есту қабілеті бұзылған спортшыларды қолдауы және елде орнықты әрі инклюзивті спорттық ортаны қалыптастыруға белсенді қатысқаны үшін табыс етілді.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Премьер-министр спортты, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған спортты қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Президент тапсырмаларын жүйелі түрде іске асыру спорттық жетістіктердің одан әрі өсуіне және Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы позициясын нығайтуға ықпал етеді.