2025 жылы әр балаға 129,38 АҚШ доллары есептелді. Осылайша, бағдарламаға екі жыл қатысып жүрген балалардың жинақталған қаражаты, инвестициялық кірісті есептегенде, 232,94 АҚШ долларын құрайды, деп хабарлайды ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, 2022 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында «Ұлттық қор – балаларға» жобасын бастамасын көтерген болатын. 2024 жылдан бастап жылма-жыл қазақстандық балаларға 18 жасқа толғанға дейін инвестициялық табысты қоса алғанда, Ұлттық қордан қаражат аударылып келеді.
2024 жылы бағдарламаға 6 919 131 бала (2006-2023 жылдар аралығында туғандар) қатысты, олардың әрқайсысына 100,52 АҚШ доллары аударылды, бұл жалпы 695,5 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде 304 815 бала 2024 жылы 18 жасқа толды, оларға жалпы сомасы 30,6 млн АҚШ доллары төленді.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша төлемдер туралы ақпарат 2025 жылғы 1 ақпаннан бастап eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді. Баланың бағдарламаға қатысуы мен есептелген сомалары туралы мәліметтерді kids.enpf.kz сайтынан ЖСН енгізу арқылы көруге болады. Деректер сондай-ақ eGov.kz порталындағы жеке кабинетте және Halyk пен Kaspi.kz қосымшаларында да қолжетімді.
Жинақталған қаражатты 18 жасқа толғаннан кейін пайдалануға болады. Өтініштерді уәкілетті операторлардың (Отбасы банк және Халық банк) қосымшалары арқылы беру қажет. Қаражат тұрғын үй жағдайын жақсарту және/немесе білім ақысын төлеуге бағытталуы мүмкін.
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қаражатты пайдалану бойынша 66 571 өтініш қабылданып, оның 53 001-і орындалды, жалпы сомасы 5 316,7 мың АҚШ долларын құрады. Оның ішінде 29 542 өтініш (2 964 мың АҚШ доллары) тұрғын үй жағдайын жақсартуға, ал 23 459 өтініш (2 352,7 мың АҚШ доллары) білім ақысын төлеуге жұмсалды.
2025 жылы бағдарламаға 6 921 035 бала (2007-2024 жылдар аралығында туғандар) қатысады, олардың 324 430-ы осы жылы 18 жасқа толады. Ұлттық қор қаражатын жас қазақстандықтарды қолдау үшін пайдалану – елдің тұрақты дамуына бағытталған стратегиялық шешім. Бұл бастама өмір сүру сапасын жақсартып, қазақстандық жастарға болашаққа деген сенімділік береді.