«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС өз қызметін «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңы шеңберінде, соның ішінде аталған Заңның 5-тарауының нормаларына қатаң сәйкес жүзеге асырады.

Заңның 33-бабына сәйкес, Басқарушы компания – жарғылық капиталына мемлекет 100% қатысатын коммерциялық ұйым. Компанияның жалғыз құрылтайшысы – Қазақстан Республикасының Үкіметі. Компанияның мақсаттары мен функциялары заңнамамен нақты айқындалған және тек мемлекет меншігіне қайтарылған активтерді басқарумен шектеледі.

Заңның 33-бабы 3-тармағына сәйкес Басқарушы компанияның негізгі міндеттері:

қайтарылған активтерді мемлекет атынан меншікке қабылдау;

олардың сақталуын және тиісті күтімін қамтамасыз ету;

активтерге заңда белгіленген тәртіппен билік ету;

активтерді сатудан түскен қаражатты Арнаулы мемлекеттік қорға аудару.

Сонымен қатар, Басқарушы компания активтерді анықтау, іздестіру немесе алып қою, қылмыстық істерді тергеу, сондай-ақ бюджет қаражатын бөлу мәселелері бойынша өкілеттіктерге ие емес. Бұл функциялар өзге уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыретіне жатады.

Заңның 32-бабы 3-тармағына сәйкес Арнаулы мемлекеттік қор қызметін реттеу саласындағы мемлекеттік органдардың өкілеттіктері ажыратылған. Қор қаражатын пайдалану және мониторинг жасау тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілейді.

Заң талаптарын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі №1033 бұйрығымен Арнаулы мемлекеттік қор қаражатын пайдалану және мониторингтеу қағидалары бекітілген. 

Аталған Қағидаларға сәйкес, Қор қаражаты жобалар тізбесі негізінде бөлінеді. Бұл тізбе бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган тарапынан профильдік орталық мемлекеттік органдардың өтінімдері негізінде қалыптастырылады. Жобаларды іріктеу тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 20 қыркүйектегі №165 бұйрығымен бекітілген әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. 

Осылайша, «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС мемлекетке қайтарылған активтерді жауапты әрі ашық басқаруды қамтамасыз ететін мемлекеттік тетік болып табылады. Компания активтердің сақталуын, заңды сатылуын және түскен қаражаттың қоғам мүддесі үшін Арнаулы мемлекеттік қорға бағытталуын қамтамасыз етеді.

 

Прокрутить вверх