Мемлекеттік мүлік тізілімінің sauda.e-qazyna.kz веб-порталында «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС Алматы қаласында орналасқан ірі «Байсат» сауда базары бар «Көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100% қатысу үлесін сату бойынша электрондық аукцион түріндегі үшінші сауда-саттықтың жарияланғанын хабарлайды.
Аталған объект – жұмыс істеп тұрған базар, тұрақты ақша ағыны бар, қалыптасқан клиенттік базасы, дамыған инфрақұрылымы және әрі қарай өсу әлеуеті бар дайын коммерциялық актив.
Аукцион бағаны көтеру әдісімен электрондық форматта өткізіледі.
Бастапқы бағасы – 24,77 млрд теңге.
Өтетін күні мен уақыты: 2026 жылғы 5 ақпан, сағат 12:00.
Сілтемесі: https://sauda.e-qazyna.kz/ru/list/316688461275000000
Бағаның төмендеуі заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылды. Бұған дейін актив екі рет саудаға шығарылған: 2025 жылғы 18 қарашада бастапқы бағасы 28,64 млрд теңге, 2025 жылғы 26 желтоқсанда бастапқы бағасы 26,71 млрд теңге болған.
Осылайша, үшінші аукциондағы бастапқы баға алғашқы бағалау құнынан барынша төмендетіліп, бұл сауда-саттықты әлеуетті инвесторлар үшін ең тиімді кезеңге айналдырып отыр.
Бұл активті ең жоғары жеңілдікпен тиімді сатып алудың бірегей мүмкіндігі. Басқарушы компания Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылғы 5 қазандағы №1061 бұйрығымен бекітілген Активтерді басқару қағидаларына қатаң сәйкестікпен әрекет етеді.
Аталған Қағидаға сәйкес, егер актив үшінші сауда-саттықта өткізілмесе, бастапқы бағасы бағалау құнына тең – 28,64 млрд теңге болатын тендер жарияланады. Ал тендер нәтижесіз аяқталған жағдайда, дәл осы бағамен коммерциялық конкурс өткізіледі. Яғни, бағасы төмендетілген үшінші аукцион – активті оның бағалау құнынан едәуір төмен сатып алуға мүмкіндік беретін жалғыз кезең. Кейінгі рәсімдерде мұндай баға жеңілдігі көзделмеген.
Атап айту маңызды: «Көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС басқару кезеңінде Арнаулы мемлекеттік қорға 349,7 млн теңге аударылды.
Басқарушы компанияға берілген сәттен бастап табыс 225,0 млн теңгеден 413,4 млн теңгеге дейін өсті, ал салықтар мен өзге де міндетті төлемдер 13 еседен астам артып, 324,2 млн теңгені құрады. Жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде сауда орындарының саны 2 200-ден 3 000-ға дейін көбейді.
Барлық рәсімдер sauda.e-qazyna.kz электрондық платформасында жүргізіледі, бұл ақпараттың ашықтығын, барлық қатысушылар үшін тең қолжетімділікті, сондай-ақ мемлекеттік активті өткізу процесінің айқындығы мен есептілігін қамтамасыз етеді.