Қайтарылған активтерді басқару компаниясы атқарылған жұмыс туралы Премьер-Министрге есеп берді

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Бұған дейін қабылданған шешімдердің орындалу нәтижелері қаралып, Қайтарылған активтерді басқару компаниясының жұмысы туралы есеп тыңдалды.

Отырыс барысында Басқарушы компанияның балансына жалпы сомасы 100,4 млрд теңге болатын активтер берілгені атап өтілді. Олардың ішінде 1,0 млрд теңге тұратын зергерлік бұйымдар да бар.

Берілген активтердің қатарында тұрғын және коммерциялық жылжымайтын мүлік нысандары, қонақ үй кешені, бірқатар заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы үлестер, өндірістік ғимараттар, асхана, жанармай құю станциясы, жер учаскелері және басқа да активтер бар.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 15,8 млрд теңге сомасына активтер сатылған. Оның ішінде 11,3 млрд теңге – Қазақстан Республикасының аумағында сатылған активтерден, ал 4,5 млрд теңге -шетелдегі активтерді іске асырудан түскен қаражат.

Арнайы мемлекеттік қорға 16,5 млрд теңге аударылды.

Компания қайтарылған активтерді ашық басқаруды, оларды ел экономикасына тиімді тартуды және кейіннен мемлекеттің мүддесі үшін іске асыруды қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысын жалғастыруда.

Прокрутить вверх