2025 жылғы 23 сәуірде E-Qazyna электрондық платформасында қайтарылған активтер – «CARTIER LOVE» білезігі мен сақинасы, зүмірет тасы бар сырғалар, аквамарин тасы бар сақина, гауһар тасы бар алтын сақина және гауһар мен інжу тастарымен безендірілген сырғалар бойынша аукцион нысанында сауда-саттық өтті. Сатылған активтердің жалпы сомасы 5 425 246 теңгені құрады.
Зергерлік бұйымдарды сату азаматтардың әлеуметтік бастамаларды дамытуға саналы түрде қатысуының жарқын үлгісіне айналды. Аукцион арқылы активтерді сатып алу арқылы әрбір қатысушы елдің болашағына өз үлесін қосады – себебі түскен қаражат Арнайы мемлекеттік қорға аударылып, маңызды қоғамдық жобаларды қолдауға жұмсалады.
Бұл аукционның өткізілуі «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-нің тиімді жұмысын тағы да дәлелдеді. Компания қайтарылған активтердің қоғамға нақты пайда әкелуіне жүйелі түрде күш салып, оларды іске асыру үдерісіне деген сенімді нығайтып келеді.