Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекеттің қызметі азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге, қоғамдық мүдделерді қорғауға және елдің тұрақты дамуына жағдай жасауға бағытталатынын айқындайтын қағидаттар бекітілген. Мемлекетке қайтарылған активтерді сатудан түскен қаражатты пайдалану тетігі де осы қағидаттарға сәйкес келеді.
Активтерді қайтару және оларды одан әрі қоғам игілігіне пайдалану «Заң мен тәртіп» қағидатына сай келеді. Заңдылықтың сақталуы, қайтарылған мүлікті сатудың ашықтығы және алынған қаражаттың әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағытталуы азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға және қоғамдық мүдделерді қорғауға ықпал етеді.
Заңнамаға сәйкес қайтарылған активтерді сатудан түскен қаражат Арнаулы мемлекеттік қорға аударылады.
Одан әрі бұл қаражат бүкіл ел бойынша әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Олардың қатарында білім беру және денсаулық сақтау нысандарын, спорттық, инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымды, сондай-ақ азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға қажетті өзге де нысандарды салу және жаңғырту бар.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсында жарияланған деректерге сәйкес, активтерді қайтару жұмыстары аясында Үкімет жалпы сомасы 610 млрд теңге болатын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыруды мақұлдаған. Осылайша, қайтарылған активтер қоғамға пайдалы экономикалық нәтиже береді: оларды сатудан түскен қаражат әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру арқылы экономикаға қайта бағытталады.
Бұл үдерісте сатып алушылардың рөлі де маңызды. Ашық электрондық сауда-саттықта қайтарылған активті сатып алған тұлға мүліктің меншік иесі атанып қана қоймай, әлеуметтік жобалардың іске асырылуына жанама түрде үлес қосады. Өйткені сатудан түскен қаражат белгіленген тәртіппен Арнаулы мемлекеттік қорға аударылады. Нәтижесінде қосарлы әсер қалыптасады: сатып алушы өзіне қажетті активті иеленеді, ал мемлекет кейін қоғам игілігіне жұмсалатын қаражат алады. Бұл қаражат мектептерді, медициналық мекемелерді, спорт нысандарын және өзге де әлеуметтік инфрақұрылымды салуға және дамытуға бағытталады.
Осылайша, қайтарылған активтер мемлекеттің экономикалық ресурсы ғана емес, сонымен қатар өңірлерді дамытуға және Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаларды қаржыландыру көздерінің біріне айналады.