Мүлік мемлекетке қайтарылғаннан кейін оның тағдыры қалай шешіледі? Оны сатудан түскен қаражат қайда бағытталады және оның халыққа қандай пайдасы бар?
Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару және оларды одан әрі тиімді пайдалану-заңдылықты сақтау, әділеттілікті қалпына келтіру және қоғам мүддесін қорғауға негізделген «Заң және тәртіп» қағидатын іске асырудың маңызды бөлігі.
Мемлекетке қайтарылған активтерге жер учаскелері, ғимараттар, коммерциялық жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, зергерлік бұйымдар және басқа да мүліктер жатады. Олардың сақталуын қамтамасыз ету, тиімді басқару және сату мақсатында Қайтарылған активтерді басқару компаниясы құрылды.
Қайтарылған мүлік қалай қаржы көзіне айналады?
Активтердің ерекшеліктері мен мақсатына қарай олар ашық электрондық сауда-саттық арқылы сатылуы, жалға немесе сенімгерлік басқаруға берілуі, сондай-ақ мемлекеттік қажеттіліктер үшін мемлекеттік меншікке берілуі мүмкін.
Белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда электрондық сауда-саттыққа жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Сатылымға шығарылған активтер, сауда-саттыққа қатысу шарттары мен оның нәтижелері туралы ақпарат e-Qazyna веб-порталында жарияланады.
Сауда-саттық рәсімдерінің ашықтығы, барлық қатысушыларға тең жағдай жасалуы және заңнама талаптарының сақталуы қайтарылған активтерді басқару мен сату саласында «Заң және тәртіп» қағидатының іс жүзінде жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.
Қаражат қайда түседі?
Қайтарылған мүлікті сатудан және оны басқарудан түскен қаражат заңнамада белгіленген тәртіппен Арнаулы мемлекеттік қорға аударылады.
2026 жылғы 26 қарашадағы жағдай бойынша Компания жалпы сомасы 61,08 млрд теңгеге 190 активті сатты. Арнаулы мемлекеттік қорға 59,76 млрд теңге аударылды. Оның 57,77 млрд теңгесі-активтерді сатудан түскен қаражат, ал 1,98 млрд теңгесі-оларды басқарудан түскен кіріс.
Қор қаражаты қандай мақсаттарға жұмсалады?
Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Олардың қатарында мектептер, медициналық мекемелер, спорт нысандары, сумен жабдықтау жүйелері және басқа да әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылым нысандарын салу мен жаңғырту жобалары бар.
Бұл ретте Қор қаражатының нақты қандай жобаларға жұмсалатынын Компания айқындамайды. Компанияның міндеті-қайтарылған мүліктің сақталуын қамтамасыз ету, активтерді тиімді басқару және сату, сондай-ақ түскен қаражатты белгіленген тәртіппен Қорға аудару. Ал жобаларды қаржыландыру туралы шешімдер заңнамада көзделген рәсімдерге сәйкес қабылданады.
Заңдылықты қалпына келтіруден-қоғам игілігіне
Активтерді қайтару-әділеттілікті қалпына келтірудің құқықтық тетігі ғана емес, сонымен қатар қайтарылған ресурстарды елдің дамуына бағыттаудың мүмкіндігі.
Бұл тұрғыда «Заң және тәртіп» қағидаты мүлікті мемлекетке қайтарудан бастап, оны сатуға және түскен қаражатты қоғам қажеттіліктеріне бағыттауға дейінгі әрбір кезеңде заң талаптарының сақталуын көздейді.
Бұл тетіктің түпкі мақсаты-заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару ғана емес, оларды қоғам игілігіне жаратып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ету.