2026 жылғы 11 тамызда «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС (ҚАБК) алаңында тыйым салынған активтерді басқару тәсілдерін жетілдіру мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті.
Кеңеске Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Құқық қорғау органдары академиясының, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Ішкі істер министрлігінің, Әділет министрлігінің, сондай-ақ Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар FATF ұсынымдарын орындау аясындағы Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін, атап айтқанда, уәкілетті мемлекеттік органдарға тыйым салынған мүлікті тиімді басқаруға және оған билік етуге мүмкіндік беретін тетіктерді қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Қазіргі уақытта Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті халықаралық тәжірибені ескере отырып, тиісті заңнамалық түзетулер мен заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірледі.
Ұсынылып отырған өзгерістер тыйым салынған мүлікті басқару тетігін жетілдіруге, оның сақталуын қамтамасыз етуге және заңнамада белгіленген тәртіппен түпкілікті шешім қабылданғанға дейін тиімді басқаруға бағытталған.
Жаңа тәсілдерді әзірлеу барысында Құқық қорғау органдары академиясының «Қазақстан Республикасында тыйым салынған және тәркіленген активтерді басқару: жай-күйі мен перспективалары» атты қолданбалы зерттеуінің нәтижелері де ескерілуде.
ҚАБК-ға жаңа функцияның берілуі активтерді қабылдау, есепке алу, сақталуын қамтамасыз ету және басқару саласында қалыптасқан инфрақұрылым мен Басқарушы компанияның практикалық тәжірибесін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.