Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-де «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы» тақырыбында танымдық іс-шара өтті. Іс-шараны Компанияның HR-менеджері Зарина Оспанова өткізді.
Кездесу барысында Зарина Оспанова қатысушыларға Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы мен мол мұрасы, қазақ тіл білімінің қалыптасуы мен ұлттық жазудың дамуына қосқан өлшеусіз үлесі туралы әңгімеледі. Ғалымның қазақ әліпбиін жетілдіру, тіл білімінің негіздерін қалыптастыру және ұлттық ағартушылықты дамыту бағытындағы еңбектеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының ана тілінің мәртебесін көтеру, оны сақтау және дамыту туралы ойларының бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпағаны атап өтілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді дәріптеу, Ахмет Байтұрсынұлының рухани және ғылыми мұрасын насихаттау, сондай-ақ қызметкерлердің қазақ тіліне деген құрметін арттыру.
Ахмет Байтұрсынұлының ұлттың рухани дамуына қосқан үлесі мен «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген тағылымды сөзі кейінгі ұрпақ үшін де маңызды рухани бағдар әрі құндылық болып қала бермек.