«Тіл білгірі» зияткерлік викторинасы өтті

Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания» ЖШС-де «Тіл білгірі» атты командалық зияткерлік викторина өтті. Іс-шараны Компанияның HR-менеджері Зарина Оспанова ұйымдастырып, жүргізді.

Зияткерлік сайысқа қатысушылар екі командаға бөлініп, Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен мұрасы, қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Қатысушылар білімдері мен тапқырлықтарын ортаға салып, белсенді сайыс өткізді.

Викторина барысында қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің дамуына, ұлттық жазу мен ағартушылыққа қосқан өлшеусіз үлесіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар қатысушылар қазақ халқының рухани мұрасы, әдебиеті, тарихы мен мәдениетіне қатысты білімдерін сарапқа салды.

Сайыс қорытындысы бойынша Ербол Айдрахманов бастаған «Жеңіс» командасы жеңімпаз атанды.

«Тіл білгірі» викторинасының негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді дәріптеу, қызметкерлердің қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру, ұлттық әдебиет пен мәдениет туралы білімдерін кеңейту, сондай-ақ ұжымдық рухты нығайту.

Осындай танымдық іс-шаралар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және ана тіліне деген құрметті нығайтуға ықпал етеді.

Прокрутить вверх