Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі қағидаттарының қатарында заңның үстемдігі, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен есептілігі бар. Бұл ұстанымдар мемлекетке қайтарылған активтерді басқару және сату жүйесінің де негізін құрайды.
Мұндай жұмыс заңның үстемдігіне, тең мүмкіндіктерге және қоғам алдындағы жауапкершілікке негізделген ашық әрі қуатты мемлекет – Әділетті Қазақстанды құру бағытына сай келеді. Бұл ұстанымдар ішкі саясаттың негізгі қағидаттарын, соның ішінде «Заң мен тәртіп», мемлекеттің ашықтығы мен есептілігін көрсетеді.
Қайтарылған активтермен жүргізілетін практикалық жұмыста бұл қағидаттар ең алдымен рәсімдердің заңдылығынан, қабылданатын шешімдердің ашықтығынан, қатысушыларға тең жағдай жасалуынан және мемлекеттік мүліктің қоғам мүддесіне сай тиімді пайдаланылуынан көрініс табады.
Осы ұстанымдарды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құралдардың бірі – ашық электрондық сауда-саттық.
Электрондық формат белгіленген талаптарға сай келетін барлық тұлғаларға аукционға қатысу үшін тең мүмкіндік береді. Рәсім цифрлық форматта өткізіледі, бұл адами фактордың ықпалын барынша азайтып, активтерді өткізу процесінің барынша ашық болуын қамтамасыз етеді.
Қатысушылар арасындағы бәсекелестік те маңызды рөл атқарады. Дәл осы бәсекелестік активтің нарықтық бағасын қалыптастыруға және оны төмен бағамен сату тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Әлеуетті сатып алушылардың қызығушылығы неғұрлым жоғары, ал сауда-саттықтағы бәсекелестік неғұрлым белсенді болса, мемлекет үшін экономикалық нәтиже де соғұрлым жоғары болады.
Сонымен қатар бұл жұмыстың қоғамдық маңызы активті сатумен шектелмейді. Қайтарылған мүлікті сатумен түскен қаражат Арнаулы мемлекеттік қорға аударылып, кейіннен әлеуметтік маңызы бар және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға – мектептерді, медициналық және спорт нысандарын, сумен жабдықтау жүйелерін және халыққа қажетті өзге де инфрақұрылымды салуға және жаңғыртуға бағытталады.
Осылайша, ашық электрондық сауда-саттық – мүлікті сату тетігі ғана емес. Бұл – заңдылық, ашықтық, адал бәсекелестік және мемлекеттік меншікті жауапкершілікпен басқару қағидаттарын іске асыру құралы.
Қайтарылған активтермен жүргізілетін жұмыстың практикалық мәні де осында: мемлекетке қайтарылған мүлік тиімді басқарылып, түптеп келгенде мемлекет пен қоғамның игілігіне қызмет етуі тиіс.